Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кездесті
2019 жыл Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 20 млрд долларға жеткен
Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жұмыс сапарымен барып онда Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Хабарда айтылуынша, кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Ресей барлық сала бойынша Қазақстанның сенімді серіктесі екенін айтып, сұхбат барысында тараптар ЕАЭО аясындағы серіктестік мәселелерін талқылаумен қатар ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударған.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі ел арасындағы қатынастар тату көршілік пен одақтастық рухында және қағидаттарына сәйкес дамып келе жатқанын атап «Интеграциялық бірлестік жұмыс істеп жатыр және оның болашағы зор деп санаймын. Құрметті Төраға ретінде мен одақтың одан әрі дамуына өз үлесімді қосамын», – деп айтқан Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президентінің интеграциялық процестерді дамытуға және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін айтып, «Біз саяси диалогты жалғастырып келеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен үнемі кездесіп отырамыз. Біздің елдеріміздің үкіметтері қарқынды жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда 19,7 пайызға артып, 20 миллиард долларға жетті. Бұл жақсы көрсеткіш», - деген Владимир Путин.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, әлемдік көмірсутегі нарығындағы ахуал жайлы пікір алмасқан.