Лёрнер Тьен Жастар арасындағы ATP қорытынды турнирінің жеңімпазы атанды
Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен теннис бойынша «Next Gen ATP Finals» турнирі өз мәресіне жетті. Жарыстың бас жүлдесі америкалық теннисші Лёрнер Тьенге бұйырды.
Қатарынан екінші жыл финалға дейін жеткен әлемнің 28-ракеткасы бұл жолы мақсатына қол жеткізді. Өткен жылы ол шешуші кездесуде жеңіліс тапқан еді.
Кеше өткен финалда Лёрнер Тьен ATP рейтингінде 116-орында тұрған бельгиялық Александр Блоксты 4:2, 4:1, 4:3(3) есебімен жеңді. Осылайша, теннисшілер арасындағы өзара кездесулердегі есеп теңестірілді — 1:1.
20 жастағы Тьен Жастар арасындағы ATP қорытынды турнирінде чемпион атанған екінші америкалық теннисші болды. Бұған дейін бұл жетістікке 2022 жылы Брэндон Накашима қол жеткізген еді. «Next Gen ATP Finals» турниріндегі жеңіс Лёрнер Тьенге 502 250 АҚШ доллары көлемінде сыйақы әкелді.