Ұлыбритания Сириямен дипломатиялық қарым-қатынасты 14 жылдық үзілістен кейін қайта жаңғыртты.
Корольдіктің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, желтоқсан айында Асад режимі құлағаннан кейін, министр Дэвид Лэмми Сирияға ресми сапар жасап, ел президенті Ахмад Аш-Шараамен кездесті.
Кездесуге Сирияның Сыртқы істер министрі Асад Хасан Шайбани да қатысып, тараптар арасында қауіпсіз әрі гүлденген Сирияны қолдау, саяси өтпелі кезеңнің жан-жақты және инклюзивті сипатта өтуі қажеттігі жайында пікір алмасылды.
Британ сыртқы саяси ведомствосының басшысы елдің тұрақтылығының Ұлыбритания мүддесіне де сай келетінін атап өтіп, ДАИШ (ИМ) лаңкестік ұйымының жойылуы мен бейбіт халықтың адам саудасына ұрынбауы аса маңызды екенін баса айтты.
Сапар барысында Дэвид Лэмми гуманитарлық салада жұмыс істейтін «Ақ дулығалар» ұйымының өкілдерімен кездесіп, Ұлыбритания биыл бұл ұйымға химиялық қаруды жою бағытында 2 миллион фунт стерлинг көлемінде көмек көрсететінін мәлімдеді. Сондай-ақ министр әйелдерге арналған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Ұлыбритания Сириядағы сауда және гуманитарлық қызметтерді қолдау үшін 94,5 миллион фунт стерлинг бөлуге ниетті.
– Жаңа үкіметпен алғаш рет министрлік деңгейінде өткен диалог аясында біз сириялықтардың өз өмірі мен елін қалпына келтіруде қол жеткізіп жатқан жетістіктерін өз көзімізбен көрдік, – деді Дэвид Лэмми.