Ұлыбритания елшісі Өзбекстандағы миссиясын аяқтауда
Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Өзбекстандағы дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Ұлыбритания Елшісі Тимоти Торлоттты қабылдады.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, министр елшінің соңғы жылдардағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудегі рөлін жоғары бағалады.
«Тимоти Торлот өз кезегінде Ұлыбританияның Өзбекстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы ретіндегі қызметіне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Тимоти Торлот 2019 жылдың тамыз айынан бері Ташкенттегі Ұлыбритания елшілігін басқарып келеді. Ұлыбританияның Сыртқы істер, Достастық және даму министрлігі порталының хабарлауынша, Өзбекстандағы жаңа елші болып тәжірибелі дипломат Тимоти Смарт тағайындалған.