2025 жылы Ұлыбритания жалпы құны 20 миллиард фунт стерлингтен, яғни 27 миллиард АҚШ долларынан астам болатын қорғаныс техникасын сату жөнінде келісімшарттар жасасқан.
Үкімет баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, бұл жағдай соңғы 40 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Келісімдер қатарында, әсіресе, әскери кемелер экспорты бойынша ең ірі мәміле және ең қуатты жойғыш ұшақтарды сату қарастырылған.
Мәселен, Ұлыбритания Норвегия Корольдігінің теңіз флотын кемінде бес жаңа 26-типті фрегатпен қамтамасыз етуге қатысты 10 миллиард фунт стерлинг (шамамен 13,5 миллиард доллар) келісім жасаған.
Сонымен қатар, Түркияға жалпы құны 8 миллиард фунт стерлинг (10,8 миллиард доллар) болатын 20 дана «Eurofighter Typhoon» жойғыш ұшағы, сондай-ақ 550 миллион фунт стерлингке тең 12 C-130 ұшағы жеткізілмек.
Ал Чехия Республикасы Ұлыбританиядан 18 дана «Supacat» броньды көлігін сатып алған.
Корольдік үкіметінің мәлімдемесінде, 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін бұл келісімдер Қорғаныс министрлігі соңғы 50 жылдағы ең ауқымды реформалар бағдарламасын орындап жатқан кезеңде жасалған.