ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ
Биылғы жыл тарихи оқиғаларға толы жыл
Биылғы жыл тарихи оқиғаларға толы жыл. Ұлы даланың ұлы тұлғалары, шығыстың шоқ жұлдызы, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, ақын, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, Тәуелсіз Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, жаһанға танытқан, ел дамуына әлі де өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туғанына 80 жыл. Ең маңызды шежірелі оқиғалардың бірі де бірегейі ұлық ұлыс, айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы, ұлы тұлғалар көксеген мақсатқа жетудің бірден-бір жолы. Жүсіп Баласұғынның «Құтты білік» дастаны, Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары трактаты», Абайдың «Толық адам» ілімі ұлт көшбасшысының бастамасына негіз болғаны баршамызға аян.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың 2020 жылдың 9-шы қаңтарында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы «Мәңгілік ел» идеясының жалғасы іспеттес.
Мемлекет басшысы, адамзаттың тарихында алып ойдың иесі атанған, данышпан Абайды ұлықтауға бағытталған мақаласында ұлы тұлғаның өз заманында ілгерілеудің негізі – білім мен ғылымға зейін қоюға шақырғандығы, өз тіліңді қастерлеудің қасиетін ұғындырғаны, көне түркілерден бастау алған интелектуалды, зерделі ұлт қалыптастырудың идеясын, тәуелсіз, егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз қажет екендігін, адамды еңбекке баулуда таптырмас мотиватор болғандығын халыққа тереңінен ұғындырды. Жаһандану дәуірінде әлемге қазақтың рухани және мәдени үрдісін Абай арқылы таныту, сонымен қатар «Толық адам» ілімін қайта зерделеу қажеттілігін де осы мақалада баса айтты. Абай – қазақтың мәдени, рухани капиталы. Ұлт бренді.
Абай жылы, ұлы ғұламаны дәріптеу жылы осылайша Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, ерекше ықыласымен бастау алған болатын.
Абай – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Тек қана Абай шығармаларынан қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Абай – ұлы ақын, Абай - дана ойшыл. Ақын шығармаларын оқи отырып, біз оның адам жаны мен уақыт талабын жете түсінген дарын иесі болғандығына көз жеткіземіз. Абай өзінің адамгершілік, гуманистік, қоғамдық, эстетикалық ізденістерін бүкіл дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұластырып, өзі де жаңа биік деңгейге көтеріле түсті, сол арқылы бүкіл адамзаттық идеяларға жол тапты. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі - дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты.
Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну - Абай даналығының белгісі.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының биылғы 175 жылдық мерейтойына орай, еліміз күнтізбесінде жаңа мереке - "Абай күні" пайда болды. Ол мереке Үкімет қаулысымен ресми түрде еңгізілді.
Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Өзбекстанда ақынның «Қара сөздері» өзбек тіліне аударылып, кітап ретінде жарық көрді. Бұған дейін де Ұлы ақынның кітаптары және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы өзбек тілінде жарық көрген болатын.
Ұлы ақынның «Қара сөздерін» өзбек тіліне аударған жазушы, аудармашы, профессор Қазақбай Йулдошев пен Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің оқытушысы Тұрсынәлі Ахметов. Шебер аудармашылардың еңбектерінің арқасында ақынның ғибратты, тәрбиелік мәні зор туындысы өзбекстандық оқырмандарға жол тартты. Бұл игі іс Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлінің қолдауымен және Елшілік қызметкерлерінің зор еңбектерінің арқасында іске асып, екі бауырлас елдің мәдени, рухани тұрғыда қарым-қатынастың одан әріде дамуына үлкен үлес қосатындығы, екі елі арасындағы алтын көпір болатыны сөзсіз.
Дархан САТЫБАЛДЫ,
Қазақстан Республиксының
Өзбекстан Республикасындағы
Төтенше және Өкілетті Елшісі