Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Лондонда Өзбекстанның мәдениеті мен ұлттық тағамын ұлықтайтын фестиваль өтеді
17:40 / 2025-06-17

Ұлыбритания астанасы Лондонның көшелерінде соңғы күндері ерекше көрініс көзге түсуде — «Өзбекстанға қош келдіңіз» деген жазуы бар екі қабатты автобустар қала тұрғындары мен туристердің назарын өзіне аударып жатыр.

Бұл жарнамалық науқан Өзбекстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі ұйымдастырып отырған 21–22 маусым күндері әйгілі Tower Bridge алаңында өтетін «Өзбекстан мәдениеті мен ұлттық тағамдары» фестивалінің бір бөлігі саналады.

Ауқымды мәдени шараның басты мақсаты – британ жұртшылығын Өзбекстанның тарихи-мәдени байлығы, туристік әлеуеті және ұлттық асханасының алуан түрлілігімен жақын таныстыру.

«Өзбек керуені» атты мәдени-гастрономиялық марафон бұған дейін Лондонмен қатар Эдинбург, Манчестер, Ливерпуль, Кардифф және Оксфорд қалаларында табысты өткізілген болатын. Енді бұл рухани керуен астана төрінде шетелдік қонақтарды ұлттық рухпен сусындатпақ.

Фестиваль аясында халықтық қолөнер туындылары ұсынылып, фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетіп, ұлттық тағамдар дәмін тату рәсімдері ұйымдастырылады. Сондай-ақ Өзбекстанның түрлі өңірлеріне арналған тақырыптық көрмелер өтеді.

Мұндай бастамалар — мәдени дипломатияның жарқын көрінісі. Олар Орталық Азияның терең тарихына, бай дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына қызығушылық танытып жүрген халықаралық қауымдастыққа Өзбекстанның жаңарған бейнесін ұсынуға зор мүмкіндік береді.