Лондон қаласында Өзбекстанның Ұлыбританиядағы елшілігі мен Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігі бірлесіп «IT Invest Day» бизнес-форумын ұйымдастырды.
Dunyo ақпарат агенттігінің хабарлауынша, форум Өзбекстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ елімізге жоғары технологиялық инвестицияларды тарту мақсатында өткізілді.
Іс-шара барысында Өзбекстандағы цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және деректер орталықтары салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер Ұлыбританияның жетекші инвесторлары мен технологиялық компанияларына таныстырылды.
Форумға «London Stock Exchange Group», «Savvy», «Meridian Universal», «SteelRose», «EY-Parthenon», «AVDO», «Hudson Sandler», «Lewis Silkin LLP» және «Donut Soft» секілді қаржы, стратегиялық инвестициялар, активтерді басқару, консалтинг, цифрлық технологиялар және IT қызметтері салаларында жұмыс істейтін компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында Өзбекстанда кейінгі жылдары ақпараттық технологиялар саласын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан реформалар, саланы қолдауға бағытталған институционалдық және құқықтық тетіктер, салықтық жеңілдіктер мен IT мамандарын даярлау жүйесі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сондай-ақ өңірлердегі кадрлық әлеуетті дамыту, жас мамандарды халықаралық IT нарығына бейімдеу, сондай-ақ IT Park Uzbekistan резиденттігінің артықшылықтары мен инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайлар ерекше атап өтілді.
Таныстырылым барысында Өзбекстанды аймқтағы жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым орталығына айналдыруға бағытталған стратегиялық жоспарлар ұсынылды. Жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін кеңінен енгізу, цифрлық экономиканың даму перспективалары мен деректер орталықтарын құру мүмкіндіктері талқыланды.
Бұл форум Өзбекстанның цифрлық экономика саласындағы инвестициялық әлеуетін халықаралық бизнес қауымдастығына кеңінен таныстыруға, британдық компаниялармен жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және елді өңірлік цифрлық технологиялар орталығына айналдыруға маңызды үлес қосты.
Форум соңында қатысушылар арасында екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, инфрақұрылымдық қорлар, деректер орталығы операторлары, технологиялық компаниялар мен консалтинг ұйымдарымен нақты инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.