Бүгін Ұлыбритания астанасы Лондонда Украинаны қалпына келтіруге арналған екінші конференция басталады.
Корольдік үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күнге созылатын шараға 61 елден мыңнан астам қонақ, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен іскер топ өкілдері қатысады.
Форумды премьер-министр Риши Сунак пен рәсімге виртуалды түрде қатысатын Украина президенті Владимир Зеленский ашады деп күтілуде. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен де сөз сөйлейді.
Сунак конференцияға қатысушыларды Украина экономикасына ұзақ мерзімді инвестиция салуға және инновациялар арқылы елдің қалпына келуін тездетуге шақырмақ.
Премьер-министрдің айтуынша, «қаржылық жағынан күшті және технологиялық жағынан дамыған Украина» өз аумақтарын қайтарып алып, «болашағы жарқын егеменді және заманауи Украинаны құра алады».
Хабарда айтылғандай, Лондон конференцияда Дүниежүзілік банктің Киевке үш миллиард доллар бөлуіне қосымша кепілдік беретінін жариялайды.