Өзбекстанның Ұлыбританиядағы елшісі Равшан Усмонов Лондон университетінің Шығыс және Африка зерттеулері мектебінің (SOAS) ректоры, профессор Адам Хабибпен кездесті.
«Dunyo» ақпарат агенттігі хабарлауынша, кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен бағдарламалар мен академиялық алмасу мәселелері талқыланды.
1916 жылы негізі қаланған SOAS бүгінде шамамен 7 мың студентті қамтып, 1,2 мыңға жуық профессор-оқытушы білім береді. Аталған оқу орны Лондон университетінің дербес жоғары оқу орны болып саналады.
SOAS Лондон қаласында төрт академиялық кампус пен ірі кітапханаға ие. Сонымен қатар университет Үндістан, Бангладеш, Қытай, Сауд Арабиясы және Қазақстанның жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Оқу бағыттары әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды, сондай-ақ Шығыс пен Африка тілдерін қамтиды.
Кездесу барысында профессор Адам Хабиб Өзбекстан мен Ұлыбритания арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, SOAS болашағы зор білім беру жобаларын іске асыруға, бірлескен диплом бағдарламаларын ашуға, профессор-оқытушылар алмасуын жолға қоюға, ғылыми зерттеулер мен кәсіби даму бағыттарында Өзбекстанның жоғары оқу орындарымен өзара тиімді әріптестікті дамытуға дайын, делінген хабарламада.