Ливияның Жерорта теңізі жағалауында болған су тасқыны салдарынан мыңдаған адам із-түзсіз жоғалып кетті.
Табиғи апат 10 қыркүйекте елдің солтүстік-шығысында «Даниэль» циклоны салдарынан орын алған болып, бұл жағдайда Дерна қаласы ең ауыр зардап шеккен. Онда екі бөгет бұзылған.
«Тасқын мыңдаған адамды теңізге ағызды. Олар әлі де хабарсыз кеткен деп саналады», - деді Ливия парламенті елдің шығысындағы үкіметке тағайындаған ішкі істер министрі Эссам Абу Зариб.
Оның айтуынша, мыңнан астам адам табиғи апаттың құрбаны болған.
Өз кезегінде Ливияның шығыс аймағы үкіметінің басшысы Усама Хаммад, Дерна аймағында қаза тапқандар саны екі мыңнан асқанын мәлімдеген.
«Дернада су тасқыны бүкіл аудандарды шайып кетті, адамдар теңізге ағып кетті, мыңдаған адам із-түссіз жоғалды», - деген ол.
Сонымен қатар толассыз жауған жауын да елге орасан зиян келтіріп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басып қалды.
Ливия үкіметі елдің шығыс аймақтарында екі күндік коменданттық сағат жариялап, табиғи апаттан зардап шеккен аймақта төтенше жағдай мен ел аумағында үш күндік ұлттық аза тұту жариялады.