French
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Ливанда жаңа президент сайланды
11:02 / 2025-01-10

Ливан армиясының бас қолбасшысы, генерал Жозеф Аун ел президенті болып сайланды.

Deutsche Welle мәліметінше, генерал Ливан парламентінде өткен сайлаудың екінші турында жеңіске жетті. Оған 128 депутаттың 99-ы дауыс берген.

Бірінші турда 71 дауыс жинаған Жозеф Аунға екінші турда жеңіс үшін 86 дауыс қажет болды (ол қажеттісінен айтарлықтай көп дауыс алды). Қызығы, депутаттардың бірі сайлау парағына Берни Сандерс (америкалық саясаткер) деп жазып, дауыс берген.

Президент Мишель Аунның өкілеттік мерзімі аяқталған 2022 жылдың қазанынан бері Ливан президентсіз өмір сүріп келген. Бұрынғы Аун мен қазіргі Аун туыс емес, тек фамилиялары бірдей!

Ливандағы президент сайлауы конституция мен елдің саяси жүйесінің ерекшеліктеріне негізделіп реттеледі. Президентті 128 депутаттан тұратын парламент сайлайды. Президенттік мерзім алты жыл, екінші рет сайлануға болмайды. Ел конституциясына сәйкес, президенттікке тек христиан-марониттер сайлана алады. Президенттікке сайлану үшін бірінші турда депутаттардың үштен екі бөлігі, кейінгі турларда абсолютті көпшілік дауысын жинау қажет.

1964 жылы туған Жозеф Аун 2017 жылдың наурызынан бері Ливан армиясының қолбасшысы қызметін атқарып келеді. Ол Ливан әскери академиясында білім алған және кейіннен АҚШ пен Францияда біліктілігін арттырған. Қызметі барысында Ливан қарулы күштерінде маңызды лауазымдарды атқарған, оның ішінде бригадаларды басқарған және ел аумағында терроризммен күрес стратегиясына қатысқан.