Сот залындағы шынайы мейірімділігімен және кешірімшілдігімен ерекшеленген Фрэнк Каприо «әлемдегі ең мейірімді судья» деген атпен танымал еді.
Сотта әсерлі сөздерімен танылған судья Фрэнк Каприо 88 жасында ұйқы безі обырынан өмірден озды.
АҚШ-тың Род-Айленд штатына қарасты Провиденс қаласынан шыққан бұл судья көпшілікке «Провиденсте қолға түскендер» («Caught in Providence») телесериалы арқылы танымал. Оның бейнематериалдары әлеуметтік желілерде, соның ішінде 1,6 миллион жазылушысы бар TikTok платформасында кеңінен таралған.
«Оның мұрасы – ол шабыттандырған сансыз адамның ізгі істерінде өмір сүреді. Оның құрметіне біз де күн сайын ол жасағандай, әлемге аз да болса көбірек мейірім әкелуге тырысамыз», – делінген хабарламада.
Каприо сот залындағы мейірімділігі мен кешірімшілдігі үшін «әлемдегі ең мейірімді судья» атанған. Аталған сериал 2000 жылы эфирге шыққан және төрт рет «Эмми» сыйлығына ұсынылған.
Фрэнк Каприо 1985 жылдан 2023 жылға дейін Провиденс муниципалды сотында судья қызметін атқарды. 2023 жылдың желтоқсанында, 87 жасқа толған соң көп ұзамай, ол әлеуметтік желілерде қатерлі ісікке шалдыққанын айтып, жүрекжарды бейнежазба жариялаған болатын.