Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 26 миллионнан асты
Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегінше Жер шарында адамзат өмірі үшін қауіпті болған коронавирустан жапа шеккендер саны 26 млн-нан асты
Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегінше Жер шарында адамзат өмірі үшін қауіпті болған коронавирустың жаңа түрінен жапа шеккендер саны 26 031 410 жанға жеткен. 17,2 млн астам азамат дерттен сауығып, 863 091 кісі көз жұмған.
Мұндағы статистика бойынша ең көп індет тараған ел - АҚШ. Қазір онда 6,1 миллионнан астам адам вирустың кесірінен қиын жағдайға тап болған. Науқастардың 185,8 мыңға жуығы осы дерттен көз жұмып, 2,2 млн астамы емделген. Өлім жағдайының ең жоғары көрсеткіші Нью-Йорк қаласында тіркелген.
Университет келтірген мәліметтер бойынша індет Құрама Штаттардан кейін Бразилия мемлекетінде кеңінен етек жайған. Ондағы вирусқа шалдыққандар саны қазірде 4 млн-ға жуықтаған. Елдегі індеттен сауыққандар саны 3,3 млн жоғары. Ал, бүгінге дейін 124 мыңға жуық жан мерт болған.
Үндістан коронавирус қауіпті түс алған елдер тізімінде 3,8 млн астам вирустану көрсеткішімен үшінші орында тұр. Ондағы індет расталғандар арасында 3 млн-ға жуық тұрғын аурудан сауыққан болса, 67 мыңнан астамы қайтыс болған.