Латвия жағалауында Cessna 551 жеңіл жеке бизнес ұшағы апатқа ұшырады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бортта төрт адам болған: ұшқыш, ер адам, әйел және олардың қызы.
FlightRadar24 агенттігінің дерегінше, Австрияда тіркелген бизнес ұшақ Испанияның оңтүстігіндегі Херес қаласынан көкке көтерілген болып, ұшақ нақты баратын жерді көрсетпеген. Ал, немістің Bild басылымы мәліметінше, ұшақ Кельнге қонуы тиіс болған.
Әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай ұшқыш кабинадағы қысымда ақау бар екенін хабарлаған. Содан кейін, Пиреней түбегінен тыс жерде ұшақпен байланыс үзілген.
Ұшу кезінде әуе көлігі Париж және Кельнді екі рет айналып, Швецияның Готланд аралынан өтіп, Балтық теңізінің үстінен ұшып өткен. Ұшақ қонуы тиіс Кельн әуежайынан асып кеткенде, әуе қозғалысын басқару органдары ұшқышпен байланысқа шықпақ болғанымен, жауап болмағаны айтылады хабарламада.