Латвия Украинаға жаңа әскери көмек пакетін жариялады
Латвия Украинаны Ресейден қорғау үшін оған әскери көмек көрсетуді жалғастырады, деді Латвия президенті Эдгарс Ринкевич 11 қаңтар күні Ригада Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін журналистерге.
Ринкевичтің айтуынша, жаңа көмек пакетіне гаубицалар, 155 мм артиллериялық оқ-дәрілер, танкке қарсы және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, зымыран тасығыштар, броньды машиналар, қол гранаталары, тікұшақтар және басқа да техникалар кіреді.
Сонымен қатар, Латвия 2024 жылға дейін 3 мыңға жуық украиналық әскери қызметкерді оқытуды, сондай-ақ Украинамен ұшқышсыз ұшақтарды өндіруде ынтымақтасуды жоспарлап отыр.
«Үкімет, еліміз және халқымыз Украинаға барлық қажетті көмекті көрсетуді жалғастырады», - деген Ринкевич.