Испания Ла Лигасының президенті Хавьер Тебас Лионель Мессидің «Барселона» клубына оралуы үшін ережені өзгермейтінін мәлімдеді.
«Қазір бұл мүмкін емес, бірақ әлі уақыт бар, біз «Барселонадан» нақты жоспар күтудеміз. Өз басым мен Мессиге жанкүйермін, оны әлемнің ең үздік ойыншысы деп санаймын. Бірақ біз Леоның Каталонияға оралуы үшін Ла Лиганың қаржылық ережелерін өзгертпейміз.
Менің ойымша, «Барса» Мессиді қайтару үшін барлық мүмкіндікті пайдаланады. Оның да Испанияға қайтқысы келетінін баспасөзден оқыдым. Бұл ауысуды бүгін жасау мүмкін емес, бірақ Барсаның Мессиді қайтаруға әлі де мүмкіндігі бар. Қиын, бірақ орындауға болады», - дейді Хавьер Тебас.
Бұған дейін «Барса» президенті Джоан Лапорта Ла Лига басшысын Негрейраның ісі бойынша клубқа жалған нұсқаулар берді деп айыптаған болатын. Көп ұзамай Ла Лига каталондық клубтың Мессиді қайтару жөніндегі қаржылық жоспарын растамай, жалақы қоры бойынша нақты жобаны көрсетуді талап еткен еді.
Еске салар болсақ, 35 жастағы аргентиналық форвардтың ПСЖ-мен қазіргі келісімшарты осы жыл жазда аяқталады.