Әлемнің 19-ракеткасы испаниялық Роберто Баутиста-Агут коронавирусқа байланысты «Уимблдон» турнирінен кетті.
«Бүгін мен Уимблдон ұйымдастырушыларына ковидке тапсырған тестім оң нәтиже бергенін хабарладым. Бақытыма орай, симптомы тым ауыр емес. Қолдауларыңыз үшін барлығыңызға рахмет. Жақын арада ораламын деп үміттенемін», - деп жазды Баутиста-Агут Twitter парақшасында.
Баутиста-Агут турнирдің екінші айналымын Даниэль Элахи Галанға қарсы өткізуі керек еді. Бірақ осы жағдайға байланысты колумбиялық теннисші үшінші айналымға шықты. Ол үшінші айналымда Денис Шаповалов (Канада) - Брэндон Накашима (АҚШ) жеңімпазына қарсы кордқа шығады.
Роберто Баутиста-Агут коронавирусқа байланысты Лондондағы турнирмен қоштасқан үшінші теннисші болды. Бұған дейін хорватиялық Марин Чилич пен итальяндық Маттео Берреттини ауру белгілеріне байланысты турнирге қатысуын тоқтатқан болатын.