Коронавирус бойынша Қазақстан «қызыл» аймаққа кірді
Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады.
«ҚазАқпарат» сайтындағы хабарда, Қазақстан «қызыл» аймаққа өткендігі айтылған.
2021 жылдың 30 наурызындағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған барлық өңір - «жасыл» аймақта. Ал Қазақстан «қызыл» аймаққа өтті, делінген.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда бір тәулікте 1 445 адам коронавирус жұқтырған. Ең көбі Алматы қаласында 545 адам. 863 адам коронавирус індетінен емделіп шыққан.
Coronavirus2020.kz сайтындағы статистикаға сай, елде жалпы індет жұқтырғандар саны 243 318-ге жетіп, оның 218 031 сауыққан. Өлім саны 3029-ді құрауда.