Копенгагендегі сауда орталығындағы атыс болып, бірнеше адам қаза тапты
Дания астанасы Копенгаген қаласындағы Field's сауда орталығында атыс болып, бірнеше адам қаза тапты және тағы бірнеше адам жараланды.
«Бірнеше адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланды», - деп жазды Копенгаген полициясы Twitter-де. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің нақты саны аталмаған.
Associated Press агенттігі полицияның атыс жасаған күдіктіні ұстағанын хабарлады. Ол Данияның 22 жастағы азаматы екені белгілі болды. Әзірге бұл адамның жалғыз әрекет еткенін көрсететін ешқандай мәлімет жоқ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, ауруханаға қосымша қызметкерлер, оның ішінде хирургтар мен медбикелер шақырылған.
Копенгаген мэрі Софи Хесторп Андерсен Facebook парақшасында: «Біз қанша адамның жарақат алғанын немесе өлгенін әлі білмейміз, бірақ бұл өте ауыр», - деген.