Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти 2014 жылы салық төлеуден жалтарғаны үшін Испанияда бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, италиялық маман 386 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Айыптауға сәйкес, Анчелотти «Реал Мадрид» клубында жұмыс істеген кезінде кейбір табыстары бойынша салықты толық төлемеген. Алайда бапкер өзін кінәсіз деп санап, әрекеттерін қаржылық кеңесшілер мен клуб өкілдерінің ұсыныстарына сүйене отырып жасағанын айтқан.
Айта кетейік, бұған дейін Анчелотти 2015 жылға қатысты салық бұзушылық эпизоды бойынша ақталған болатын. Алайда 2014 жылғы жағдай бойынша құқықтық мәселелер шешімін таппай келеді.
Испания заңнамасына сәйкес, екі жылға дейінгі жаза әдетте шартты түрде тағайындалады. Демек, Анчелотти қамалмауы мүмкін. Алайда оның Испанияға келген жағдайда бірқатар құқықтық қиындықтарға тап болуы мүмкін екені ескертілуде.
Еске сала кетейік, Анчелотти 2021 жылы екінші мәрте «Реал Мадрид» клубының бас бапкері болып тағайындалған. Оның жетекшілігімен команда Ла Лига, Испания кубогы мен Суперкубогын, 3 рет УЕФА Чемпиондар Лигасын, УЕФА Суперкубогын және 2 мәрте клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған.