Карим Бензема «Алтын доп» иегері атанды
«Реал Мадрид» және Франция ұлттық құрамасының шабуылшысы Карим Бензема 2022 жылғы «Алтын доп» иегері атанды.
34 жастағы француз аладоп шебері өткен маусымда Мадрид сапында Чемпиондар лигасын, Ла Лига, УЕФА Суперкубогы және Испания Суперкубогын жеңіп алды. Шабуылшы Еуропа Чемпиондар лигасында 15 гол, Испания чемпионатында 27 голмен үздік бомбардир атанды.
Осылайша Карим Бензема соңғы 66 жылда «Алтын допты» алған ең жасы үлкен футболшы болды.
France Football журналы ұйымдастырған Париждегі салтанатты шарада әйелдер арасындағы «Алтын доп» испаниялық «Барселона» клубының жартылай қорғаушысы Алексия Путельяске нәсіп етті.
«Реал» қақпашысы Тибо Куртуа 2021/2022 маусымының үздік қақпашысы атанды және Лев Яшин сыйлығымен марапатталды.
«Барселонаның» жартылай қорғаушысы Гави 2022 жылдың үздік ең жас ойыншысы атанды.