Өзбекстан елшілігі мен «Diners Group» компаниясының ынтымақтастығында Карачи қаласында «UzbekPak International Trading Centre» Өзбекстан-Пәкістан халықаралық сауда үйі және «UzbekPak Cultural Centre» мәдени орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Мәдени орталық аумағында Өзбекстан елшісі Алишер Тухтаев «Достық символы» ағашын отырғызды.
Рәсімге Карачи қаласының ірі кәсіпкерлері, экспорт-импорт компанияларының басшылары, бизнес орта және туристік компаниялар өкілдері қатысты.
Іс-шарада сөз алған «Diners Group» компаниясының басшысы Соһайл Мотен аталған сауда үйі мен мәдени орталық екі ел арасындағы аймақтық байланыстарды қайта қалпына келтіру, өзара сауда көлемін арттыру және инвесторлар үшін қажетті ақпаратты ұсынуға бағытталғанын атап өтті.
Өзбекстан елшісі өз сөзінде екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру, сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі қарқынын сақтап қалу және оны жақсарту, мәдени байланыстарды жандандыру бойынша еліміздің басшылығы мен үкіметінің қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берді.
«Сауда үйі халықтарымыз бен ұлттық экономикаларымызды одан әрі жақындастырады. Сауда қатынастарымыздың номенклатурасын жаңа бірліктермен толықтыру, тауар айналымын 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу туралы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді тиімді жүзеге асыру үшін негіз жасайды», — деді Алишер Тухтаев.
Сауда үйінде Өзбекстан өнеркәсіп өнімдері – тоқыма саласы үлгілері, жіп-талшық, жүн мен былғары, пластик гранулалар, құрғақ жемістер қойылған. Қазіргі уақытта өнімдер санын және түрін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Ғимаратта орнатылған үлкен экранда Өзбекстанның туризм әлеуетіне, Самарқанд, Бұхара, Хиуа, Ташкент қалаларының туристік орындарына, еліміздің өнеркәсіп және инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған бейнематериалдар көрсетілді.