Камчаткада магнитудасы 6,4 болатын жер сілкінісі тіркелді
Ресейдің Камчатка түбегінде магнитудасы 6,4 болатын жер сілкінісі болды. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Біріккен геофизика қызметі федералдық зерттеу орталығының өңірлік бөлімі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Жер сілкінісі жергілікті уақытпен сағат 12:42-де тіркелген. Оның ошағы өлкенің әкімшілік орталығы саналатын Петропавл-Камчатский қаласынан 143 шақырым қашықтықта, 59,4 шақырым тереңдікте орналасқан.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат жоқ.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 30 шілдеде Камчаткада 1952 жылдан бергі ең қуатты табиғи апат — магнитудасы 8,8 болатын жер сілкінісі болған еді. Содан бері ғалымдар күн сайын афтершоктарды, яғни жер қыртысының қайталама қозғалыстарын тіркеп келеді.