Ресейдің Камчатка өңірінде кейінгі 30 жылдағы ең қалың қар жауды.
«РБК» басылымының мәліметіне сәйкес, қар қалыңдығы 51 сантиметрден 133 сантиметрге дейін жеткен, ал көршілес Сосновка аумағында 163 сантиметрді құраған.
Аса қалың қар үйінділері көпқабатты үйлердің кіреберіс жолдарын жауып тастаған. Тұрғындар сыртқа шығу үшін қардың арасынан туннель қазуға мәжбүр болуда. Кейбір жерлерде қар үйінділері тіпті көпқабатты үйлердің төртінші қабатына дейін жеткен. Қар көліктерді түгелдей көміп, көшелерді адам өтпейтін күйге түсірді.

Қар тазалау жұмыстарына құтқарушылар, студенттер жасақтары, еріктілер, әскери қызметкерлер және тіпті суасты кемелерінің қызметкерлері де тартылған. Олар үйлерінде қамалып қалған және шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін адамдарға көмек көрсетіп жатыр.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды көпқабатты үйлерден биік қар үйінділеріне секірмеуге шақырды. Мамандардың айтуынша, қардың астында қабырғалар, көліктер немесе адамды жарақаттауы мүмкін өткір металл заттар болуы ықтимал.

Басқарушы компаниялар үйлердің айналасын қардан тазартып, шатырлардан қар құлауы мүмкін жерлерге қоршаулар орнатуда. Ресми билік тазалау жұмыстары сапасыз жүргізілген жағдайда жауаптылардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.
Петропавл-Камчатский қаласында 15 қаңтардан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл шара шатырдан қар көшіп, салдарынан екі адам қаза тапқаннан кейін қабылданған.

– Өңірде магистраль жолдарға қатысты жағдай күрделене түсті, – деген облыс губернаторы Владимир Солодов. – Жолдарда қалып кеткен көліктерді эвакуациялау жоспарланып отыр, себебі олар қар тазалайтын техниканың жұмысына кедергі келтіруде.
Қазіргі уақытта облыс орталығында қоғамдық көліктің қозғалысы шектелді. Бірқатар мекемелер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті, ал бірнеше округтегі колледждер мен мектептерде сабақтар тоқтатылды.
Экологтардың пікірінше, Камчаткада апта соңына дейін қар көшкіні қаупі сақталады. Туристер мен спортшыларға тау бөктеріне шықпау ұсынылған.