Калифорнияда қарулы шабуылдан төрт адам қаза тапты
АҚШ-тың Калифорния штатында белгісіз қарулы адамдар отбасылық кеш кезінде адамдарға оқ жаудырды. Қайғылы оқиға салдарынан төрт адам, соның ішінде үш бала қаза тапты. Тағы 10 адамның жараланғаны хабарланды.
CBS News мәліметінше, жергілікті шериф кеңсесінің өкілі Хизер Брент бұл оқиғаның Сан-Хоакин округіне қарасты Стоктон қаласындағы банкет залында болғанын растаған.
Алғашқы деректерге қарағанда, шабуыл алдын ала жоспарланған. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып кеткен, әзірге ешкім ұсталмаған.
Шериф кеңсесі бұл ақпаратқа нақты түсініктеме бермей, оқиғаны тек «отбасылық жайт» деп сипаттаа отыр.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом құқық қорғау органдарымен байланыста екенін және тергеу бойынша жаңалықтарды қадағалап отырғанын мәлімдеді.