Өзбекстанның барлық аймақтарында экономикаға аса қажетті кәсіпорындар пайда болуда. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өндірістің дамуы, түптеп келгенде, халқымыздың әл-ауқатының артуына қызмет етуде.
Атап айтсақ, соңғы бес жылда Жызақ облысында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,6 есеге артып, өткен жылы 19 триллион сумды құрады. Экспорт көлемі 2,2 есе өсіп, 202 миллион долларға жетті.
Шетел инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. 2018 жылы облысқа небәрі 18 миллион доллар шетел инвестициясы игерілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 700 миллион долларға жеткен. Шетел капиталының қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны – 260 құрауда.
Бұл ретте әр ауданның өз үлесі бар. Атап айтқанда, Зомин ауданында инвестициялық бағдарламалар аясында кейінгі бес жылда құны 1,8 триллион сумға 300 жоба жүзеге асырылып, үш мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Қолайлы кәсіпкерлік ортаның арқасында ауданда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4 есеге артты.
Зоминнің әсем табиғатына сүйене отырып, туризм оның «драйверіне» айналуда. Осындай қызметтерді арттыру мақсатында жақында «Зомин» туристік аймағы құрылды.
Осындай жобалармен шектеліп қалмай, Зоминде өнеркәсіптің дамуы басталды. Өйткені аудан ол үшін өте қолайлы. Аудан Өзбекстанның орталық бөлігінде орналасқан. Темір жол осы жерден өткен. Жақында Зомин әуежайы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылды.
Қазір ауданда Қытайдың «Мингюан» компаниясымен бірлесіп «Технопарк» арнайы индустриялық аймағы құрылуда. Ол үшін 400 гектар жер бөлінген. Оны инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің мақсатты бағдарламасы бекітіліп, 160 миллиард сум бөлінді.
Бұл бағытта тәжірибелік жұмыстар басталып, 30-дан астам жоба қалыптасты. Қытайлық инвесторлар оларға 1,2 миллиард доллар инвестиция салады.
Бұл аймақта сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие, қосылған құны бар өнім өндіретін кәсіпорындар құрылады. Атап айтқанда, электротехника, машина жасау, құрылыс материалдары, жиһаз, тамақ және қызмет көрсету салаларындағы жобалар жүзеге асырылады.
Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 4,7 триллион сумдық өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 70 миллион доллардың экспорттық әлеуеті жасалады.
Технопарк аумағында халықаралық тәжірибе алмасу инжиниринг орталығы құрылып, мұнда өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін білікті мамандар даярлау қолға алынбақ.
Сондай-ақ, осы аумақта кеңсе орталығы, тұрғын үй, экосаябақ, көрме залы және сауда орталығы салынады.
Салтанатты шарада Мемлекет басшысы символдық түймені басып, технопарктегі алғашқы инвестициялық жобалардың құрылысын бастады.
Ол кәсіпкерлерге осы заманауи жобаларды жүзеге асыруда табыс тіледі.