Америкалық денсаулық сақтау өнімдерін шығаратын әлемдегі ең ірі өндіруші Johnson & Johnson компаниясы, Ресейге жеке күтім өнімдерін жеткізуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Компания мәліметінше, наурыз айының басында J&J Ресейдегі инвестицияларды, жарнаманы және клиникалық сынақтарды тоқтату туралы шешім қабылдаған еді. Қазір «гуманитарлық дағдарыстың ауқымының өсуіне байланысты» компания қосымша шаралар қабылдауда.
Атап айтқанда, босқындарға көмектесу үшін гуманитарлық мақсаттағы қайырымдылықтарды 5 миллион доллардан 10 миллион долларға дейін арттырмақ.
Компания Украинадағы өз қызметкерлеріне және олардың отбасыларына жұмысты сақтау, көлік, тұрғын үй және қаржылық көмекті қоса алғанда, қолдау көрсетуді жалғастырады. «Біз тез арада шешімді күтеміз және қосымша гуманитарлық көмек қажеттігін бақылауды жалғастырамыз», - делінген хабарламада.
J&J медициналық құрылғылар мен жабдықтар, дәрі-дәрмектер, гигиена мен денсаулық өнімдерін шығарады. Тұтыну тауарлары сегментінде компанияның бренд портфолиосында «Clean & Clear», «Johnson's, o.b.», «Carefree», «Neutrogena» және т.б. өнімдер бар.