Қарақалпақстан Республикасында жасанды интеллект (ЖИ) пен ақпараттық инфрақұрылым салаларында құны 100 миллион АҚШ долларынан асатын жобаларды жүзеге асырып жатқан шетелдік компанияларға жаңа инвестициялық жеңілдіктер бекітілді.
Бұл жөнінде Өзбекстан Республикасы Президентінің 22 қазан күні қол қойған 189-санды Жарлығында айтылған. Құжат 2030 жылға дейін елдің жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, құны 100 миллион доллардан жоғары жобаларға қаржы құятын инвесторлар Өзбекстанда өндірілмейтін серверлерді, графикалық процессорларды (GPU) және салқындату жүйелерін импорттау кезінде кедендік төлемдер мен қосылған құн салығынан босатылады.
«IT Park» резиденттері, соның ішінде бұлтты немесе жасанды интеллектке негізделген есептеу қызметтерін экспорттайтын кәсіпорындар 2040 жылға дейін пайда, мүлік және жер салығынан босатылады. Сондай-ақ шетелдік акционерлер үшін дивидендтерге 0 пайыздық салық мөлшерлемесі белгіленеді.
Аталған жобалар үшін электр энергиясының бағасы әр киловатт-сағат үшін 0,05 АҚШ доллары (ҚҚС-сыз) көлемінде бекітіледі. Операторлар ең жоғары жүктеме кездерінде энергия тұтынуды 20 пайызға азайтуы және энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жалпы қуат көлемінің 30–35 пайызын өтей алатын аккумуляторлық энергия сақтау жүйелерін (BESS) орнатуы тиіс.
Үкімет талаптарға сай жобаларды электр, су, газ, жол және талшықты-оптикалық байланыс сияқты сыртқы инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Бұл үшін инвесторлар өз қаражатының кемінде 25 пайызын салуы қажет. Бұдан бөлек, инвесторларға халықаралық төлемдерді жергілікті банк арқылы өткізбей, тікелей шетелдік жеткізушілермен жүзеге асыруға рұқсат беріледі. Бұл халықаралық валюталық операциялардағы шектеулерді жойып, әкімшілік кідірістерді қысқартады.
«Жобалау – сатып алу – салу» үлгісі құрылыстың бірнеше кезеңін қатар жүргізуге мүмкіндік беріп, жобаны іске асыру мерзімін тоғыз айға дейін қысқартады. Бекітілген жобалар үшін жер телімдері тікелей Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі тарапынан бөлінеді.
Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматовтың айтуынша, бұл бастама нәтижесінде «IT Park» жобасының екінші кезеңі жасанды интеллект технологияларын енгізу аясында жүзеге асырылады. Оның сөзінше, жаңа нысандар графикалық процессор инфрақұрылымымен жабдықталған деректер орталықтары мен ЖИ бағытындағы стартаптарды біріктіретін ірі жасанды интеллект орталығына айналады.
– Мемлекет басшысы Қарақалпақстанды арнайы деректер орталықтарының аймағына айналдыруды ұсынып, 100 миллион доллардан астам инвестиция құятын инвесторларға жеңілдетілген жағдайлар жасалатынын мәлімдеді. Бұл бастама өңірдің дамуына қызмет етіп, ірі цифрлық инфрақұрылым құруға қызығушылық танытқан компанияларды тартуға мүмкіндік береді, – деді Ш.Шерматов.
Бағдарлама Қарақалпақстанды энергияны көп қажет ететін жасанды интеллект пен ақпараттық инфрақұрылым жобалары үшін тартымды әрі бәсекеге қабілетті аймаққа айналдыруды көздейді. Бұл мақсатта өңірдің жел энергетикасы әлеуеті мен қолда бар жер ресурстары пайдаланылмақ. Мұндай нысандар, ең алдымен, жаңартылатын энергия жобалары жүзеге асырылып жатқан аумақтарда, соның ішінде Қоңырат ауданында қуаты 5 гигаватт болатын жел электр станциясы салынып жатқан өңірде орналасады. Аталған жоба Сауд Арабиясының «ACWA Power» компаниясы мен Өзбекстан Энергетика министрлігі арасында 2024 жылдың мамыр айында жасалған 6,2 миллиард долларлық келісім аясында орындалуда.
ӨзА