Жапония Өзбекстанға медициналық құрал-жабдықтар береді
Жапония үкіметі «Шағын әлеуметтік жобаларға тегін көмек көрсету» бағдарламасы аясында Өзбекстанның медициналық мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Ташкентте өткен гранттық келісімдерге қол қою рәсіміне Жапонияның Елшісі Такаши Хатори мен Өзбекстан Денсаулық сақтау министрі Амрилло Иноятов қатысты.
Гранттың жалпы сомасы 290 мың долларды құрайды. Келісім аясында Самарқанд қаласындағы2-санды перзентхана, Республикалық мамандандырылған көз микрохирургиясы ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының Қаршы филиалы, Шахрисабз қалалық медициналық бірлестігі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
«Жапония Өзбекстандағы жоғары сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті жақсартуға өз үлесін қосуды жалғастырады», - делінген Жапонияның Ташкенттегі елшілігінің хабарламасында.
Жапон тарапы «Адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету» қағидатын ұстана отырып, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.