«Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы» Конституциялық заң жобасы Брайль әліпбиінде басылды.
Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының баспасөз қызметі хабарлауынша, бұл игі жұмысты ӨР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы мен Тұрақты даму орталығы жүзеге асырды.
Жаңартылған Конституция мәтініндегі нормалардың жартысынан астамы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.
Атап айтқанда, жобаның 57-бабына сәйкес мүгедектер мен жалғызбасты қариялар, мүгедектігі бар жандар мен халықтың әлеуметтік мұқтаж басқа санаттарының құқықтары мемлекет қорғауында.
Конституция жобасының 115-бабында Министрлер Кабинетi халықты, оның iшiнде мүгедектігі бар жандарды әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуі қарастырылған.
Сондай-ақ, Ұлттық орталықтың бастамасымен алғаш рет Өзбекстан Республикасының Конституциясы және «Мүгедектердің құқықтары туралы» заңы 2020 жылы Брайль әліпбиінде басып шығарылған. Өз кезегінде, Конституциялық заң жобасының Брайль қарпімен жарық көруі мүмкіндігі шектеулі өзбекстандықтардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделерін қамтамасыз етуге қызмет етеді.