Жаңа Зеландия тұрғыны әлемдегі ең ұзын есім иесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның аты-жөні 2 мыңнан астам сөзден тұрады.
Daily Mail мәліметінше, Лоуренс Уоткинс 1990 жылдың наурыз айында өз есімі мен тегін өзгертіп, оған 2 мыңнан астам қосымша ат енгізген.
Кейін ол өз рекордын ресми түрде тіркеу үшін округтік сотқа өтініш берген. Бастапқыда оның өтініші қабылданғанымен, кейіннен кері қайтарылған.
Алайда «көп есімді» ер адам берілмей, Жаңа Зеландияның Жоғарғы сотына дейін жетіп, істі жеңіп шыққан. Сот шешімімен Уоткинс ресми түрде рекорд иегері деп танылған. Бірақ мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін елде екі заңға өзгеріс енгізілген.
Гиннестің рекордтар кітабына берген сұхбатында Лоуренс Уоткинс:
«Мен әрдайым рекорд жаңартқан адамдардың жетістіктеріне таңғалатынмын. Сол себепті өзім де сол сахнаның бір бөлігі болғым келді», – деп айтқан.
Лоуренс Уоткинстің толық аты-жөні Гиннестің рекордтар кітабында алты бетке жуық орынды алып тұр — барлығы 2 253 сөзден тұрады.