Өзбекстанда жоғары білім беру жүйесінде жаңа кезең басталмақ. Енді «Жаңа Өзбекстан» университетінде сыннан өткен бағалау жүйесі республиканың өзге де жоғары оқу орындарында біртіндеп енгізіледі.
Бұл туралы Президент Шавкат Мирзиёев жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту мәселесіне арналған кеңейтілген жиналыс кезінде мәлімдеді. Мемлекет басшысы ЖОО ректорларының өкілеттіктерін кеңейтіп, жауапкершілігін арттыратын әділ әрі тиімді жүйе енгізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Жаңа жүйе бойынша енді әрбір университет жинаған ұпайына қарай қаржыландырылады. Ұпай жинау кезінде түлектерді жұмыспен қамту – 40 балл, ғылыми зерттеулер мен салалық тапсырыстар – 30 балл, беделді халықаралық журналдардағы мақалалар – 20 балл, ал жергілікті және шетелдік ғылыми гранттар үшін – 10 баллға дейін есепке алынады.
Мәселен, егер Қаршы техникалық университеті жыл соңында бағалау шкаласының 85 пайызын орындай алса, бюджеттен қарастырылған 78 миллиард сумнан бөлек, қосымша 20 пайыз көлемінде бонус алуға мүмкіндік алады. Ал керісінше, ұпайы 56 пайыздан төмен болған оқу орындарының келесі жылғы қаржыландыру көлемі азайтылады.
Алайда, жиналыста барлық ЖОО-ны бір өлшеммен бағалау әділетсіз болатыны да ескерілді. Мысалы, Ұлттық университет, Ирригация институты сияқты ғылымға негізделген ЖОО-лар мен Мәдениет, Өнер және Консерватория сынды шығармашылық бағыттағы оқу орындарын техникалық жоғары оқу орындарымен салыстыру – шынайылықтан алшақ.
Сол себепті жауапты құрылымдарға рейтингтік көрсеткіштерді әзірлеуде әр ЖОО-ның ерекшеліктерін ескеріп, әділетті бағалау механизмін қалыптастыру міндеті жүктелді.
Жаңа жүйе бәсекеге қабілеттілік, сапа және тиімділік қағидаттарын басты орынға шығарып, жоғары білім ордаларын жаңа белеске көтеретіні сөзсіз.