Бүгінде Ташкент қаласындағы инфрақұрылымның жақсаруы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап келеді.
Қала аумағының кеңейуімен қатар, жаңа тұрғын үй кешендері, заманауи жолдар, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бір дәлелі – Жаңа Ташкент жобасы. Бұл жоба астанаға жаңа тыныс беріп қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін қоспақ.
Осыған орай Жаңа Ташкентке дейін метро желісін салу жоспарланған болып, ол 2026 жылы басталмақ.
Жаңа Ташкент құрылысы дирекциясының мәліметінше, алдағы жылы жаңа қалаға дейінгі метро желісінің құрылысы қолға алынбақ. Бұл көлік дәлізі тәулігіне 230 мың жолаушыға дейін қызмет көрсетеді деп күтілуде.
Жобаның алғашқы кезеңінде ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жол салынып, ол «Достық» метро бекетінен басталып, үш жаңа станцияны қамтиды. Жобаның жалпы құны 110 миллион АҚШ долларына бағаланған: оның ішінде 2025 жылы - 11 миллион доллар, 2026 жылы — 99 миллион доллар игерілуі жоспарланып отыр. Инвестицияны түркиялық «Hvav Yapi Sanayi Ve Tic. A.S.» компаниясы салмақ.
Айта кету керек, Жаңа Ташкентті қазіргі Ташкентпен байланыстыратын метро желісінің толық ұзындығы 21 шақырым болмақ. Ол 9 жаңа бекетті қамтып, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталады. Жоба жүзеге асқан жағдайда, астананың жаңа орталығына қатынау уақыты қысқарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі жылдам көлік жүйесі қалыптасады.