Израильдің Газаға жасаған соққысынан Al Jazeera телеарнасының бірнеше журналисі қаза тапты
Израиль Қорғаныс күштерінің Газа қаласына жасалған әуе соққысы нәтижесінде Қатардың Al Jazeera телеарнасының бес қызметкері мерт болды.
Телеарнаның хабарлауынша, 10 тамыз күні кешке Израиль армиясы тілшілер тұрған шатырды «нысаналы» түрде атқылаған. Ол Аш-Шифа ауруханасының бас қақпасының алдында орналасқан еді.
Қаза тапқандардың қатарында арнаның 28 жастағы тілшісі Анас аш-Шариф те бар.
Израиль Қорғаныс күштері соққыны растады. ЦАХАЛ таратқан ақпаратта Анас аш-Шариф «журналист кейпіндегі террорист» болғаны айтылды. Израиль әскери өкілдерінің дерегінше, ол ХАМАС ұйымының бір бөлімшесін басқарған және Израильге жасалатын зымыран шабуылдарының жоспарын әзірлеген.