Израиль Кнессеті (парламенті) алдын ала оқылымда лаңкестерге өлім жазасын енгізетін заң жобасын мақұлдады.
The Jerusalem Post газетінің хабарлауынша, бастаманы 55 депутат қолдап, тоғызы қарсы дауыс берген.
Заң жобасына сәйкес, өлім жазасы лаңкестік әрекеттер үшін, сондай-ақ «нәсілшілдік немесе мемлекетке дұшпандық, Израильге зиян келтіру және еврей халқын елден қуып шығару мақсатында себеп болған жағдайларға қатысты Израиль азаматтарын өлтіру үшін қарастырылған. Бастаманы министрлер кабинеті мақұлдаса, ол бірінші оқылымда қарау үшін Кнессетке қайтарылады.
Құжаттың түсіндірме бөлігінде заңның мақсаты «террорды бастау орнында тоқтатып, күшті тежеу құралын жасау» деп көрсетілген.
Amnesty International Israel заң жобасын айыптап, жазаны «қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын» деп атады.
Еске салар болсақ, 27 қаңтарда Иерусалимдегі лаңкестік әрекеттен жеті адам қаза тапқан еді. Шабуылшы синагогадан шығып жатқан адамдарға тапаншамен оқ атқан. Ол қашпақ болған кезде полицияның қолынан қаза тапты.