Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының директоры Фирдавс Абдухолиқов бастаған делегация Италияға ресми сапармен барып, бірқатар мәдени және ғылыми шараларға қатысты.
Сапар аясында екі ел арасындағы мәдени әріптестікті нығайту, ғылыми зерттеулерді дамыту және тарихи мұраны зерттеу мәселелері бойынша кездесулер ұйымдастырылды.

Флоренция мен Римде ұлы өзбек ақыны әрі мемлекет қайраткері Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» еңбегінің тұсаукесері өтті. Бұл кітап Италияның «Sandro Teti Editore» баспасында итальян тілінде жарық көрді.
Сонымен қатар, делегация өкілдері Италиядағы бірнеше кітапхана мен музейлерде болып, Өзбекстанның мәдени мұрасына қатысты қолжазбалар мен тарихи жәдігерлермен танысты.

Флоренциядағы 1581 жылы ашылған Уффици галереясы – Италиядағы ең ірі өнер музейлерінің бірі. Мұнда Леонардо да Винчи, Микеланджело және басқа да әйгілі суретшілердің теңдессіз шығармалары сақталған.
Бұл өнер туындыларының қатарында орта ғасырларда белгісіз суретші салған Әмір Темірдің бейнесі бар тарихи портрет делегация өкілдерінің ерекше назарын аударды. Қазіргі уақытта галерея басшысы іссапарда болғандықтан, онымен кейінірек онлайн кездесу өткізу жөнінде келісім жасалды.
Делегация өкілдері Римдегі Ватиканға қарасты Апостол кітапханасына да арнайы барды.
1447 жылы негізі қаланған бұл кітапхананың қорында 1,5 миллионнан астам баспа және жазба еңбектер, сондай-ақ 50 мыңнан астам латын, грек, араб, парсы, түркі және басқа да тілдердегі қолжазбалар сақталған.
Кітапхана басшылығы Өзбекстан өкілдерін мұндағы шығыс қолжазбалары, карталар және тарихи құжаттармен таныстырды. Тараптар болашақта бұл тарихи мұраларды зерттеу бойынша ынтымақтастық орнату және арнайы меморандумға қол қою туралы келісімге келді.
Римде орналасқан «Аарон» жеке коллекциясы 1970 жылдары әйгілі коллекционер Армандо Тальокоццо негізін қалаған мұражайлардың бірі. Бұл топтамада Ислам Шығысына тиесілі қолданбалы өнер туындылары сақталған.
Коллекцияда Иран, Үндістан, Таяу Шығыс, Кавказ және Орталық Азияға тиесілі 100-ден астам жәдігер бар.
Өзбекстан мәдени мұрасына қатысты ерекше құнды артефакт:
- XI ғасырдың ортасында қазіргі Науаи облысы аумағынан табылған Қараханидтер дәуіріне жататын күміс ыдыс
- Ыдыстың шетінде куфи араб жазуымен «Бұл мүлік – мұсылмандар әмірінің сенімді досы Тұғрыл Қара Хақанға тиесілі» деген сөз қашалып жазылған
Өзбекстан делегациясы бұған дейін Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Ислам өнері мұражайындағы көне жәдігерлердің көшпелі көрмесін өткізу туралы келісім жасаған болатын.
Ислам өркениеті орталығының директоры Фирдавс Абдухолиқовтың айтуынша, Италияда анықталған құнды қолжазбалар мен артефактілердің арнайы көрмесін Ташкентте өткізу туралы келіссөздер сәтті аяқталды.