Орталық Азияның ең ірі технопарктері – IT Park Өзбекстан және «Astana Hub» аймақтық стартап экожүйесін дамыту және инновациялық әлеуетті халықаралық деңгейде алға жылжыту мақсатында «Central Asian Innovation Hubs» атауымен бірігуде.
«ICT WEEK UZBEKISTAN-2024» шарасы аясында IT Park Өзбекстан бас директоры Фархад Ибрагимов және «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мадиев ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Бұл ынтымақтастықтың мақсаты – аймақтық бірегейлікті қалыптастыру, стартап экожүйесін және венчурлық қорларды дамыту бойынша тәжірибе алмасу. Сондай-ақ, Орталық Азияның қарқынды жобаларын халықаралық платформаларда дамыту бойынша бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру көзделген.

Жыл соңына дейін екі елдің технопарктері біріккен бренд аясында ірі халықаралық іс-шараларға қатысады. Мысалы, Бакуде өтетін «InMerge» іс-шарасында аймақтан төрт стартап халықаралық инвесторлар мен қорларға ұсынылады.
Сонымен қатар, өңірлік стартап жобалары «Hero Training Program», «Stanford HealthTech Accelerator» және «Alchemist Accelerator» бағдарламаларына қатысады.
Бұл ынтымақтастық стартап экожүйелерінің дамуына жаңа серпін береді және Орталық Азияның инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Іс-шарада «Central Asian Innovation Hubs» құрылуы арқылы аймақтық стартаптардың жаһандық деңгейде танымалдығы артып, негізін қалаушыларға өз инновацияларын халықаралық платформаларда өнеркәсіп көшбасшыларына таныстыруға жаңа мүмкіндіктер ашылатыны айтылды.