Испанияда болған ауқымды жарық сөнуі алдын ала деректер бойынша кибершабуылдың салдарынан болмаған.
Бұл туралы Red Electrica энергетикалық компаниясының операциялар жөніндегі директоры Эдуардо Прието мәлімдеді.
«Біз бұл жағдайдың киберқауіпсіздікке қатысы бар деген нұсқаны жоққа шығара аламыз», – деген ол.
EFE агенттігінің хабарлауынша, Red Electrica компаниясы «басқару жүйелеріне ешқандай сырттан кіру әрекеті болмағанын, ол мұндай оқиғаға себеп бола алмайтынын» атап өткен.
Еске сала кетейңк, 28 сәуір күні күндіз Испания бойынша жарық толықтай сөнді. Бағдаршамдар жұмысын тоқтатты, пойыздарда жолаушылар қалып қойды, қоғамдық көлік пен ауруханалардың жұмысы бұзылды. Сонымен қатар, мобильді байланыс пен интернет қызметі де істемей қалды. Тек түнге қарай ғана электр энергиясын біртіндеп қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Red Electrica компаниясы электр жүйесінің жұмысы қалыпқа келгенін хабарлады.
Испания премьер-министрі Педро Санчестің айтуынша, 28 сәуір күні шамамен түскі уақытта жүйеден бар болғаны 5 секунд ішінде 15 гигаватт энергия жоғалып кеткен. Оның айтуынша, бұл жағдайға не себеп болғаны әлі белгісіз. Мамандар оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатыр. Бұл ақау көршілес Португалияға да әсер еткен.