Испания үкіметі Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттеріне наразылық белгісі ретінде Израиль компаниясымен жасалған 15,3 миллион дана оқ-дәрі жеткізу туралы келісімді бұзды.
The Guardian басылымының хабарлауынша, Педро Санчес басқаратын үкімет 2023 жылдың қазан айында Израильдің Газа секторындағы әскери операцияларына жауап ретінде бұл елмен қару-жарақ саудасын тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда бір жыл өткен соң, Ішкі істер министрлігі Израильдің IMI Systems компаниясымен 9 миллиметрлік оқ-дәрілерді жеткізу туралы келісім жасағаны белгілі болды.
БАҚ бұл туралы жариялағаннан кейін министрлік келісімді бұзуға уәде берген еді. Дегенмен, 23 сәуір күні министрлік бұл келісімді орындау ниеті бар екенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, келісімді кеш кезеңде бұзу Израиль жағына толық өтемақы (6,6 миллион еуро) төлеуге әкеліп соғады, ал Испания ешқандай оқ-дәрі алмай қалады. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі мұндай үзіліс азаматтық гвардияның ел ішінде құқықтық тәртіпті сақтау қабілетіне теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Министрліктің бұл мәлімдемесі үкіметтің солшыл қанатындағы Sumar партиясы мен оның көшбасшысы Йоланда Диас тарапынан қатты сынға ұшырады. Олар бұл әрекетті «үкімет ішіндегі келісімдерді өрескел бұзу» деп бағалады.
Ақырында, 24 сәуір күні Педро Санчес пен Йоланда Диас өкілдері бұл келісімнің біржақты түрде күшін жоятындығы туралы ресми түрде хабарлады. Бұл шешім Испанияның Газа халқына қолдау білдіріп, адам құқықтарын басты құндылық деп санайтынын тағы бір рет көрсетті.