Испания мен Португалия биылғы жаздың алғашқы аптап ыстығына тап болды.
Синоптиктер Пиреней түбегінің оңтүстігінде ауа температурасы Цельсий бойынша 44 градустан асады деп болжап отыр.
Euronews дерегінше, Испанияның Андалусиясындағы Севилья мен Кордоба қалаларында синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы 44 градус Цельсийге дейін көтерілуі мүмкін екенін ескерткен.
Жергілікті тұрғындар мұндай жағдайда қалыпты өмір сүру мүмкін болмай қалғанын айтады.
Севилья тұрғыны Пако: «Бұл өте ыстық. Біз бастан өткеріп жатқан ыстықта дененің өмір сүруі қиын», - дейді.
«Үш жыл бұрын төрт рет ыстық соққы алдым. Жұмыста ес-түссіз қалдым. Қазір өте сақпын, одан қорқамын», - дейді құрылысшы Мигель Анхель.
Кеінгі жылдары аптап ыстық толқындар Еуропаға жиі соғуда және ұзаққа созылуда.
2022 жыл Испанияда рекордтық ең ыстық жыл болды. Метеорологтар биылғы жыл бұрынғы рекордты бұзуы мүмкін деп болжауда. Жаз енді ғана басталды, бірақ 2023 жылдың көктемінде елдің кейбір аймақтарында ауа температурасы Цельсий бойынша 35 градустан асқан.