Ирандық боксшы Мухаммед Джавад Вафаеи-Сани өлім жазасына кесілді.
Ирандағы адам құқықтары жөніндегі норвегиялық үкіметтік емес ұйымның дерегінше, ол 2019 жылдың қарашасында елдегі наразылық шерулері кезінде үкіметтік ғимараттарды, соның ішінде үкіметтік түрмені өртеп жіберді және қиратты деп айыпты деп танылды.
Сот шешімін журналист әрі белсенді Маси Алинежад мәлімдеген. 26 жастағы Мешхед қаласының бокс чемпионы 2020 жылдың ақпан айында ұсталған болатын.
Вафаеи-Санидің адвокаты Бабак Пакния Twitter-де сот үкіміне шағымдануға ниетті екенін хабарлаған. Қазірде әлеуметтік желі қолданушылары оны кешіріп, өмірін сақтап қалу үшін үндеу жолдауда. Twitter желісінде «#SaveMohammadJavad» хэштегі пайда болды.
Еске салар болсақ, 2020 жылдың қыркүйегінде 27 жастағы балуан Навид Афкари де наразылық акцияларына қатысқаны үшін өлім жазасына кесіліп, Шираз қаласында асып өлтірілген еді.