25 сәуір кешінде Иранның Хормозган облысындағы Шахид-Ражеи портында болған жарылыстың салдарынан 36 адамның қаза тапқанына байланысты елде үш күндік аза жарияланды.
IRIB агенттігінің хабарлауынша, Хормозган облысының губернаторы Мұхаммад Ашури қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Оның сөзінше, 750 адам жарақат алып, ауруханаларға жеткізілген, олардың 200-іне алғашқы көмектен кейін үйлеріне қайтуға рұқсат берілген.
«Жарылыс салдарынан әкімшілік ғимарат қирап, көптеген автокөлік пен маңайдағы үйлер бүлінген. 27 сәуір таңындағы мәлімет бойынша, құтқарушылар өртті сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр», — делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жарылысқа баллистикалық зымырандар үшін қатты отын дайындауда қолданылатын негізгі зат — натрий перхлораты себеп болуы мүмкін. Иранның Ұлттық мұнай өңдеу және тарату компаниясының мәлімдемесіне сәйкес, жарылыс мұнай өңдеу зауыттары, жанармай қоймалары, тарату кешендері немесе мұнай құбырларымен байланысты емес, бұл нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.