Индонезияда Семеру жанартауы қайта атқылады
Индонезияның Шығыс Ява провинциясында орналасқан Семеру жанартауы 19 қараша күні тағы да атқылады.
Бұл туралы елдің Вулканология және геологиялық апаттардың алдын алу орталығы хабарлады.
Ресми мәліметтерге қарағанда, атқылау кезінде жанартау кратерінен көтерілген күл бағаны 2 мың метрге жетіп, теңіз деңгейінен 5676 метр биіктікке дейін ұшқан. Қою күл бұлты Ява аралының әйгілі туристік аймағы үстін тұтастай жауып, аспанды қараңғыландырды.
Жанартау атқылаған соң тау бөктерлерінен аққан ыстық күл мен пирокластикалық ағымдар салдарынан жүздеген тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, уақытша баспаналарға орналастырылды.
Мамандар халықты сақтыққа шақырып, кратер маңындағы 2,5 шақырымдық аумақта қозғалысқа қатаң тыйым салынатынын ескертті.