Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Ильхам Әлиев: Өзбекстан мен Әзербайжан – бауырлас елдер, сенімді одақтастар
17:57 / 2025-11-13

Ташкент қаласында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуіне орай Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен сұхбат ұйымдастырылды.

– Құрметті Президент мырза, алдағы күндері Ташкент қаласында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысатыныңыз күтіліп отыр. Осы формат жөніндегі пікіріңіз қандай? Әзербайжанның аймақ елдерімен байланыстары қай деңгейде дамып келеді және қазіргі серіктестік дәрежесі Сізді қанағаттандыра ма?

– Ең алдымен айта кетейін, мен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне құрметті қонақ ретінде үшінші рет қатысқалы отырмын. Мен қатысқан алғашқы шара 2023 жылы Душанбе қаласында, екіншісі 2024 жылы Астанада өткен болатын. Келесі кездесу Ташкент қаласында өтеді. Барлық әріптестеріме, әсіресе Өзбекстан Президенті бауырым Шавкат Мирзиёевке шақыруы және Әзербайжанның осы маңызды шараға қатысуына көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен ризашылық білдіремін. 

Әзербайжан мен Орталық Азия елдері стратегиялық тұрғыдан маңызы артып келе жатқан ортақ тарихи-мәдени, географиялық және геосаяси кеңістікті құрап отыр. Бір қарағанда, Каспий теңізі Әзербайжанды Орталық Азиядан бөліп тұрғандай көрінгенімен, шын мәнінде, ол мемлекеттерімізді жақындастыратын маңызды фактор болып табылады. Бүгінде бұл теңіз жай ғана географиялық ұғым емес, стратегиялық бірліктің, экономикалық әлеуеттің және халықтарымыз арасындағы тарихи ынтымақтастықтың символы саналады.

Елдерімізді тек географиялық жақындық қана емес, сондай-ақ тарихи және мәдени байланыстар, ортақ діни және рухани құндылықтар мен дәстүрлер біріктіріп тұр.

Әзербайжан аймақтағы барлық елдермен көпжақты және жоғары деңгейлі ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударады. Екіжақты негізде қалыптасқан стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарымыз, белсенді саяси диалог пен өзара сапарларымыз осы үдерістің табысты жүруінде шешуші рөл атқаруда деп санаймын.

Соңғы бірнеше жыл ішінде Мемлекет басшыларының өзара сапарлары мен кездесулерінің жиілігі байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін айқын көрсетіп отыр. Соңғы үш жылда Орталық Азия елдерінің басшылары Әзербайжанға шамамен 30 рет ресми сапармен келсе, мен өз тарапымнан бауырлас елдерге 13 рет бардым.

Орта дәліздің маңызы арта түсуі серіктестікті кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызып отыр.

Сенімім кәміл, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуі бауырлас халықтар арасындағы ежелгі достық байланыстарды нығайтуда, сондай-ақ саяси, экономикалық, көлік, инвестиция, энергетика, мәдени-гуманитарлық және цифрлық трансформация салаларындағы көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту жолында маңызды кезеңге айналады.

– Құрметті Президент, Әзербайжан мен Орталық Азия елдері арасындағы белсенді саяси диалог пен өзара түсіністіктің жоғары деңгейге көтерілгенін атап өттіңіз. Соңғы бір жарым жылда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Әзербайжанға 5 рет ресми сапармен барды. Сонымен қатар, жыл бойы түрлі халықаралық алаңдарда бірнеше рет кездестіңіздер. Дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толып отырған биылғы жылы Өзбекстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты байланыстарды қалай бағалайсыз?

– Өзбекстан – Әзербайжан үшін бауырлас ел, сенімді одақтас. Бізді ортақ тарихи тамырлар, рухани құндылықтар, тіл, этникалық жақындық, бай тарихи және мәдени мұра біріктіреді. Ғасырлар бойы бауырлас халықтарымыз өзара жылы қатынаста болып, бір-біріне терең құрметпен қараған. Бүгінде мемлекетаралық байланыстарымыз дәл осы берік іргетас негізінде табысты дамып келе жатқаны, әрине қуантады.

Қазіргі уақытта Әзербайжан мен Өзбекстан арасындағы қатынастар ең жоғары деңгейге – одақтастық деңгейіне көтерілді.

Президент Шавкат Миромонович Мирзиёевпен арамызда қалыптасқан сенімді әрі достыққа негізделген жеке қарым-қатынасымыз да екіжақты байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Өзбекстан басшысының мемлекетаралық қарым-қатынасымызды тереңдетуге қосып жатқан жеке үлесін, кең ауқымды әріптестікті дәйекті түрде нығайту мәселелеріне үнемі назар аударып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді.

Бауырлас Өзбекстанның басшысы, атақты мемлекет қайраткері, Әзербайжанның жақын досы Президент Шавкат Мирзиёевті елімізде қабылдау біз үшін әрқашан үлкен мәртебе әрі қуаныш. Өздеріңіз айтқандай, соңғы бір жарым жыл ішінде мұндай сапарлар бес рет жүзеге асты. Осының өзі-ақ өзара қарым-қатынасымыздың жоғары серпінін айқын көрсетеді.

Өткен жылдың тамыз айында мен мемлекеттік сапармен Өзбекстанда болдым, ал биыл шілде айында Өзбекстан Президенті Әзербайжанға келді. Осы тарихи сапарлар аясында ондаған маңызды құжаттарға, соның ішінде Стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту туралы декларация, Одақтастық қатынастар туралы шарт, сондай-ақ Әзербайжан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында 2025–2029 жылдарға арналған Одақтастық қатынастар жөніндегі «Жол картасы» және өзге де маңызды келісімдерге қол қойылды. Қысқа уақыт ішінде үлкен істер атқарылды. Бұл сапарлар Әзербайжан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты барлық салада нығайтып қана қоймай, Орталық Азия мен Каспий аймағын қамтитын ортақ географиялық кеңістіктегі серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыруға қуатты серпін берді.

Байланыстарымызды дамытудың стратегиялық бағытын айқындауда 2023 жылғы тамызда құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңестің де айрықша маңызы бар. Өзара сапарлар аясында – 2024 жылғы 22 тамызда Ташкентте және 2025 жылғы 2 шілдеде Бакуде осы құрылымның отырыстары өтті.

Өзбекстан Әзербайжанның аумақтық тұтастығын әрдайым қолдап келеді. Осы орайда бауырлас Өзбекстанға Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлесі, атап айтқанда, бүгінде шамамен 600 оқушы білім алып жатқан ұлы өзбек ғалымы Мырза Ұлықбек атындағы мектептің Физули қаласында салынғаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзбекстан Қарабақ өңірін қайта жаңғыртуда көмек көрсету бастамасын көтерген әлемдегі алғашқы мемлекет болды. Біз мұны елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы бірлік пен бауырластықтың көрінісі ретінде әрдайым қастерлейміз.

Бауырлас елге алдағы сапарымды асыға күтудемін. Әр сапар сайын Өзбекстанның қарқынды дамуын, ел халқының зор жетістіктерге жетіп жатқанын шынайы қуанышпен байқаймын. Елде жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформалар мен қоғам өмірінің барлық саласының жүйелі түрде жаңаруы Өзбекстанның халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыруда. Бұл табыстар – досым әрі бауырым Президент Шавкат Мирзиёев басшылығымен жүзеге асырылып жатқан, нақты мақсатқа бағытталған және терең ойластырылған мемлекеттік саясаттың жемісі.

Елдеріміз арасындағы ынтымақтастығымыз тек екіжақты форматта ғана емес, халықаралық деңгейде де табысты дамуда. Әзербайжан мен Өзбекстан Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді мүшелері және түркі бірлігін нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Бұдан бөлек, екі елдің өзара іс-қимылы БҰҰ, Қосылмау қозғалысы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, ОЭСЖК және басқа да халықаралық құрылымдар аясында да нәтижелі сипат алған.

– Әзербайжан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?

– Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі қарқыны толық қанағаттандырарлық деп айта аламын. Екі тарап та өзара байланыстарды кеңейту үшін ауқымды жұмыстар атқаруда, жаңа жобаларды ілгерілетіп, ортақ бастамаларға айрықша көңіл бөлуде. Бүгінгі таңда Әзербайжанда Өзбекстан капиталы қатысқан шамамен 120-ға жуық кәсіпорын тіркелген. Олар экономика саласының әртүрлі бағыттарында – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және қызмет көрсету секторларында табысты жұмыс істеп келеді.

Әзербайжан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі де қарқынды өсуіп келеді. 2024 жылы өзара тауар айналымы 252 миллион АҚШ долларын құрады, ал 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87,5 пайызға өсіп, 319 миллион долларға жетті.

Инвестициялық ынтымақтастық та нығайып келеді. 2023 жылы жалпы капиталы 500 миллион доллар болатын, екі елдің аумағында және үшінші мемлекеттерде жобаларды жүзеге асыруды көздейтін Әзербайжан–Өзбекстан бірлескен инвестициялық компаниясы құрылды.

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жаңа мүмкіндік туғызып, бауырластық пен достықты нығайтып отырған Ханкендидегі бірлескен тігін фабрикасы да ерекше атап өтуге лайық.

Экономикалық байланыстарды дамыту арқылы серіктестіктің болашағы зор бағыттарын айқындауда Әзербайжан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы үкіметаралық комиссияның қызметін атап өту қажет. Жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан Әзербайжан – Өзбекстан өңірлік форумы осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту үшін тиімді алаңға айналды.

Әзербайжан бауырлас Өзбекстанмен экономиканың барлық саласында әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі. Ол үшін жоғары саяси ерік пен зор әлеует бар. Бүгінге дейін экономикалық қатынастарды кеңейтуге құқықтық негіз қалыптастырған 200-ге жуық құжатқа қол қойылған. Әзербайжан бұдан былай да екі елдің өзара мүдделеріне сай келетін, халықтар арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қызмет ететін ынтымақтастықты қолдауды жалғастырады.

– Транспорт, логистика және энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағын қалай бағалайсыз?

– Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі әртараптандырылған көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту саналады. Осы тұрғыда мемлекеттеріміздің «Орта дәліз» халықаралық көлік бағытына қатысуы ерекше маңызға ие. Бұл үдерісте Әзербайжан Өзбекстан мен Орталық Азия елдері үшін маңызды транзиттік мемлекет саналады. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы экспорт әлеуеті мен тасымал көлемін арттыру мәселесі стратегиялық маңызға ие болды.

2024 жылы елдеріміз арасындағы транзиттік тасымал 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайыздан астам өсіп, 1 миллион 300 мың тоннадан асты. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш шамамен 1 миллион тоннаға жетіп, көлік алмасуының қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетті.

Әзербайжанда құрылған заманауи көлік инфрақұрылымы, соның ішінде қуаты алдағы жылдары 25 миллион тоннаға жететін «Алат» халықаралық теңіз сауда порты, Баку – Тбилиси – Карс теміржолы, сондай-ақ елдегі тоғыз халықаралық әуежай біздің жаһандық көлік және логистика орталығы ретіндегі орнымызды нығайтатын факторлар болып табылады. Бұған қоса, Зангезур дәлізінің ашылуы да Орталық Азияның барлық елдеріне пайда әкеледі.

Қалаларымыз арасындағы әуе қатынасы да маңызды рөл атқарады. «AZAL» әуе компаниясы апта сайын Баку – Ташкент – Баку бағыты бойынша 7 рет, Баку – Самарқанд – Баку және Баку – Үргеніш – Баку бағыттарында 2 реттен жолаушылар рейсін орындайды. Өз кезегінде «Uzbekistan Airways» компаниясы аптасына 3 рет Ташкент – Баку – Ташкент бағытында, ал «Centrum» әуе компаниясы 2 рет ұшады.

Энергетика саласындағы ынтымақтастық пен «жасыл» энергетиканы дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. «SOCAR» компаниясы Өзбекстанға Әзербайжанның мұнай және мұнай-химия өнімдерін экспорттайды. 2016 жылдан бері «Ozlitineftgaz» институты мен «SOCAR NIPI Neftegaz» негізінде құрылған «Neftegaztexnologiya» бірлескен кәсіпорны табысты қызмет етіп келеді.

2024 жылы Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан энергетикалық жүйелерін біріктіру мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Бұл аймақтың тұрақты дамуына және энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

– Әзербайжан мен Өзбекстанның мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы туралы не айта аласыз?

– Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық елдеріміз арасындағы достық пен бауырластықты нығайтып, халықтар арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Біз ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды сақтап, оларды дәріптеу жолында бірлесе әрекет етіп, барлық деңгейде тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келеміз.

Атап айтқанда, 2023 жылы Әзербайжанда Өзбекстан мәдениеті күндері, 2024 жылы Өзбекстан ғылым және мәдениет күндері өтті. Сол жылы Өзбекстанда Әзербайжан мәдениеті күндері, ал Хиуа қаласында «Шуша күндері» ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар халықтарымыздың бай мәдени мұрасын паш етіп, өзара бірлікті нығайтуға және бір-біріміздің рухани әлемімізді байытуға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді.

Елдеріміздің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Исмаиллы – Риштан, Шуша – Хиуа, Ленкоран – Бұхара, Шеки – Қоқан, Биласувар – Термез, Мингачеур – Наманган, Физули – Гүлістан, Қуба – Жызақ, Бейлаган – Шахрисабз қалалары арасында бауырластық және серіктестік байланыстар орнатылды. Өңіраралық қатынастардың жандана түсуі халықтарды жақындастыруға, тәжірибе алмасуға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық күн тәртібін байытуға қызмет етуде.

Мемлекеттеріміз арасындағы достықтың нышаны ретінде мәдени маңызы бар нысандар да бар: Ташкент қаласында Гейдар Әлиев атындағы алаң бар. Биыл шілде айында Бакуде «Өзбекстан» саябағының іргетасы қаланды.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әзербайжан халқының ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына көрсетілген құрмет пен шынайы бауырластық қарым-қатынасы үшін Өзбекстан басшылығына және бауырлас өзбек халқына алғысымды білдіргім келеді.

Спорт саласындағы ынтымақтастықта да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Екі мемлекеттің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде ФИФА Атқарушы комитеті 2027 жылы өтетін U-20 Әлем чемпионатының финалдық кезеңін Әзербайжан мен Өзбекстанда өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл Еуропа мен Азияны біріктіретін ортақ тарихи жетістігіміз.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық та табысты дамып келеді. 2024 жыл 23–25 қыркүйек күндері Ташкентте алғашқы Өзбекстан – Әзербайжан медиафорумы, ал биылғы 29 қыркүйекте Бакуде екінші Әзербайжан – Өзбекстан медиафорумы өтті. Бұдан бөлек, 2024 жылдың желтоқсан айында Ташкент қаласында алғаш рет Өзбекстан мен Әзербайжанның үкіметтік емес ұйымдары форумы ұйымдастырылды.

Бұл іс-шаралар мен жүзеге асырылған жобалардың барлығы Әзербайжан мен Өзбекстанның мәдени-гуманитарлық саладағы берік бауырластық байланыстарын айқын көрсетіп, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға, рухани және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызмет етуде.

– Құрметті Президент мырза, мазмұнды сұхбатыңыз және тығыз жұмыс кестеңізден уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет.

– Өзбек халқының Әзербайжан – Өзбекстан қатынастарына және жалпы аймақта болып жатқан үдерістерге деген қызығушылығының арта түсуі мені ерекше қуантады. Ғасырлар бойы бауырлас халықтарымыз бен мемлекеттерімізді байланыстырып келген достық пен ынтымақтастықтың алтын арқауы мәңгі үзілмесін.

ӨзА