Илон Маск әлемдегі ең бай адамға айналды
«Space X» және «Tesla» компаниясының негізін қалаушы өнертапқыш Илон Маск, «Amazon» басшысы Джефф Безосты артта алдырып әлемдегі ең бай адам атанды.
«Bloomberg» агенттігінің хабарлауынша, 7 қаңтарда Тесла акцияларының бағасы 796,38 долларға дейін көтеріліп, Масктың байлығы 188,5 млрд долларға жетті.
2020 жылдың басында оның байлығы 27 млрд долларды құрап, тіпті ол әлемдегі ең бай адамдар тізіміндегі алғашқы ондық қатарында да болмаған.
Bloomberg-тың бағалауы бойынша, Масктің дәулеті өткен жылдың 12 айында шамамен 100 млрд долларға өскен. Әлемдегі ең дәулетті 500 адамның ішінде ешбірі мұндай кезең аралығында өзінің байлығын осынша соммада арттыра алмаған.
2017 жылдан бері әлемдегі миллиардерлер көшбасын иеленген Джефф Безостың байлығы қазір 184 млрд долларға бағалануда.