Испандық бапкер Хосе Венансио Лопес футзалдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.
Бүгін, 20 қыркүйекте Өзбекстан футбол қауымдастығы басшылығы мен тәжірибелі бапкердің кездесуі өтті.
Онда Хосе Венансио Лопес Өзбекстанның 2024 жылғы футзалдан әлем чемпионатын қабылдауы үлкен оқиға екенін, елде футбол мен футзалдың дамуы оны Өзбекстан құрамасында жұмыс істеуге итермелегенін атап өтіп, көрсетілген сенім үшін ризашылығын білдірді.
«Осыдан кейін Өзбекстан футбол қауымдастығы мен Хосе Венансио Лопес арасында келісімшартқа қол қойылды. УФА басшысы алдағы жауапты турнирлерге лайықты дайындық үшін барлық жағдай жасалғанын хабарлап, бас бапкерге сәттілік тіледі», - делінген УФА хабарламасында.
Венансио Испания құрамасында екі рет Еуропа чемпионы атанып, әлем чемпионатының финалисі сналады. Клубтар арасында Еуропа чемпионы, Испания чемпионы, 3 дүркін кубок, 3 дүркін суперкубок иегері саналады. Сондай-ақ, футзалдан 5 рет әлемнің үздік жаттықтырушысы атанды.
Еске салар болсақ, Өзбекстан 2024 жылы футзалдан әлем чемпионатын қабылдайды. Турнир 2024 жылдың 14 қыркүйегінде басталады.