Хосе Рауль Мулино Панама президенті қызметіне кірісті
Хосе Рауль Мулино Панама президенті лауазымына кірісті, ұлықтау рәсімі Панама астанасындағы Атлапа конгресс орталығында өтті.
TVN арнасының хабарлауынша, Панама Ұлттық ассамблеясының басшысы Дана Кастаньеда Мулиноға президенттік лента тақты.
Осыдан кейін Мулино ел алдында республиканың конституциясы мен заңдарын адал сақтауға ант берген.
Ол азаматтардың мәселесін шешуге ден қойып, өз командасымен ел экономикасын өзгертуге ниетті екенін де мәлімдеген.
Мулино жасақталатын жаңа үкімет байлықты шектемей, кедейшілікпен күресетінін баса айтқан.
«Мен ең алдымен панамалықтардың басым көпшілігінің мәселелерін шешуге бағытталған үкімет құрамын, бұл байлықты шектеу емес, кедейшілікпен күресу дегенді білдіреді», - деген Хосе Рауль Мулино ұлықтау рәсіміндегі сөзінде.