Норвегия құрамасы және «Манчестер Сити» клубының шабуылшысы Эрлинг Холланд Чемпиондар лигасы тарихында пента-трик жасаған 3-ші футболшы атанды.
Норвегиялық ойыншы Чемпиондар лигасының 1/8 финалда «Лейпциг» қақпасына (7:0) 5 гол соқты. Соның нәтижесінде «Манчестер Сити» шабуылшысы Чемпиондар лигасы тарихында 30 гол соққан ең жас ойыншы болды – 22 жас 236 күн.
Бұдан бөлек, норвегиялық шабуылшы турнирде 30 гол үшін ең аз ойын өткізген ойыншы атанды – 25 матч. Бұған дейінгі рекорд Рууд ван Нистелройға тиесілі еді. Ол 34 матчта 30 гол соққан.
Чемпиондар лигасы тарихында пента-трик рекордын 2012 жылы «Барселона» сапында Лионель Месси «Байер» қақпасына 5 гол соғып жасаған. «Шахтердің» бұрынғы шабуылшысы Луис Адриано 2014 жылы «БАТЭ» клубымен кездесуде пента-трик жасаған болатын.
Еске сала кетейік, кеше түнде Еуропа Чемпиондар лигасының 1/8 финал ойындары аясында екі кездесу өтіп, онда «Манчестер Сити» және «Интер» клубтары келесі кезеңге жол алды.