Лозаннадағы (Швейцария) Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) алдында наразылық акциясы өтті.
Наразылыққа қатысушылар ұйымды ресейлік және беларусь спортшыларының 2024 жылы Парижде (Франция) өтетін Олимпиада ойындарына және кез келген басқа халықаралық жарыстарға қатысуы туралы риториканы қайта қарауға шақырған.
Шерушілер «Ресейсіз Олимпиада ойындары» деген ұранмен плакаттармен ХОК штаб-пәтеріне дейін 3,5 шақырым жүріп өткен және ХОК демеушілерін ұйымға қысым көрсету үшін өз қызметтерін пайдалануға шақырған.
Акцияны Швейцариядағы еріктілер мен түрлі коммерциялық емес ұйымдар ұйымдастырғаны айтылады хабарламада.
ХОК басшысы Томас Бахтың айтуынша, Халықаралық Олимпиада комитеті ресейлік және беларусь спортшыларына халықаралық жарыстарға бейтарап тумен қатысуға рұқсат беруді ұсынған. Бұл ұсыныстар 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қолданылмайды және ол бөлек шешілетінін жеткізген.